Қазақстан ресейлік құс өнімдеріне шектеу енгізді

Көрнекі сурет.

Қазақстан Ауыл шаруашылығы министрлігі ресейлік бірнеше компанияның өнімдерін елге әкелуге уақытша шектеу енгізді. Министріктің ресми сайтындағы ақпаратта мұндай шара заңбұзушылықтар анықталғаннан кейін қабылданғаны айтылған.

Ресейлік төрт құс фабрикасының өнімдерінде колиформ бактериясы (ішек таяқшасы бактериясы) мен сальмонелла анықталған. Министрлік өнімдеріне уақытша шектеу енгізген кәсіпорындар тізімінде Ресейдің "Брянский бройлер", "Инжавинская птицефабрика", "Приосколье" және "Чебаркульская птица" фабрикалары аталған.

Бұған қоса Ресейдің шұжық өнімдерін шыығаратын "Царицыно" кәсіпорны өнімдеріне де уақытша шектеу қойылған. Қазақстан жағының дерегі бойынша, бұл компания шығаратын тауық етінен дайындалған шұжықтардың құрамынан шошқа ДНК-сы табылған.

"Аталған заңбұзушылықтарды жою мақсатында Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі импорттаушы елдің бақылаушы органдарына тиісті сұраныс жіберді", - делінген министрлік ақпаратында. Шектеу шаралары қанша мерзімге енгізілгені хабарламада көрсетілмеген.

Қазақстан Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл шектеу шарасын Мәскеу қазақстандық сүт өндіретін үш компанияның өнімдерін Ресейге енгізуге уақытша тыйым салуды жоспарлап отырғаны туралы хабарланғаннан кейін қабылдаған. Бұған дейін "Россельхознадзор" мекемесі шілденің 1-інен бастап қазақстандық "Тайынша-Астық", "ДЕП" және "Молпродукт" компанияларының өнімдеріне уақытша шектеу енгізуге мәжбүр екені туралы мәлімдеген. Мәскеу мұны өзі шектеу енгізген Беларусь кәсіпорындары өнімдерін "қазақстандық тұтынушыға жөнелткен тауар ретінде көрсетіп, шын мәнінде Ресейге енгізумен айналысқан алаяқтық схеманы әшкерелегенімен" түсіндірген.

Ресей мен Қазақстан тауарлар, қызмет түрлері мен қаржы еркін қозғалатын ортақ нарық қалыптастыру мақсатын көздеп құрылған деп мәлімделген Еуразиялық экономикалық одаққа мүше. Ресейдің үстемдігі басым бұл одақтың құрамында сонымен бірге Беларусь, Армения мен Қырғызстан да бар.