Қырғызстанның 17 азаматы Қытайда түрмеде отыр. Бұл туралы Қырғызстан сыртқы істер министрі Эрлан Абдылдаев айтты деп хабарлайды Азаттықтың Қырғыз қызметі.
Министрдің сөзінше, 2018 жылы Қытай сол елде сотталған төрт қырғызстандықты Отанына бермек.
Эрлан Абдылдаев Қытай түрмесінде жазасын өтеп жатқан қырғызстандықтардың көбі есірткіге қатысы бар қылмыс жасаған деген айыптармен сотталғандар екенін айтады. 2017 жылы Қытай түрмесіндегі екі қырғызстандықты Бішкекке берген. Оның алдындағы жылы да Қытайда сотталған екі қырғыз азаматы өз елдеріне қайтарылған.
Қытайда есірткі контрабандасы аса ауыр қылмыстардың бірі саналады. 2016 жылы Қытайдың Үрімжі қаласында қырғызстандық Светлана Кулбаеваға шығарылған сот үкімі орындалған. Кейін Қытай марқұмның сүйегін Қырғызстанға берген. Кулбаева 2010 жылы 2010 жылы күзде жеті келі есірткі тасымалдады деген күдікпен ұсталып, сот оған өлім жазасын кескен. Жақтастары "есірткіні Кулбаева тасымалдаған тауарға әлдебіреулер салып жіберген" деп мәлімдеген.