Қазақстанда 2018 жылдың басынан бері менингококк инфекциясын жұқтыруға қатысты 60 оқиға, соның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында 21 оқиға тіркелген. Осы мерзім ішінде 13 адам дерттен көз жұмған. Бұл туралы бүгін Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Министрліктің ресми сайтындағы мәліметке сәйкес, қауіпті дерттен Алматы қаласында 6 адам, Алматы облысында – 4 адам, Оңтүстік Қазақстан облысында - 2 адам және Қызылорда облысында – 1 адам қайтыс болған.
"Жағдай Денсаулық сақтау министрлігінің бақылауында тұр" деп хабарлайды министрлік.
Мамандар менингококк инфекциясы сау адамға науқас немесе дертті тасмалдаушы адаммен ұзақ және тығыз қарым-қатынаста болғанда ауа арқылы (жөтелген, түшкірген, сөйлескен кезде) жұғады; жұқтырған кезден бастап аурудың басталуына дейін бір күннен он күнге дейін өтеді; науқас аурудың алғашқы күнінен бастап айналадағы адамдар үшін жұқтыратын адам болып саналады деп ескертеді.
Иммундық жүйесінің қалыптаспауына байланысты 5 жасқа дейінгі балалар бұл ауруға бейім келеді, сол тәрізді жасөспірімдер мен жас адамдар арасында да жиі тіркеледі дейді дәрігерлер.