"Үлкен жетілік" (G7) елдері басшылары кей мәселелерге қатысты қайшылықтарға қарамастан Канадада өткен осы ұйым саммитінің қорытындысы бойынша бірлескен коммюникеге қатысты келісімге келген. Канада премьер-министрі Джастин Трюдоның мәлімдеуінше, коммюникеге "Үлкен жетілік" елдері – АҚШ, Канада, Франция, Ұлыбритания, Германия, Италия және Жапония жетекшілері қол қойған.
АҚШ климаттың өзгеруіне қатысты мәселеде ерекше қатаң ұстанымда қалып отыр. Құжатта "Үлкен жетілік" елдерінің сауда еркіндігіне бейіл екендігі және халықаралық саудада барлығына бірдей "ойын ережесін" қамтамасыз ету үшін Дүниежүзілік сауда ұйымына реформа жүргізу қажеттігі туралы айтылған.
АҚШ-тың шеттен әкелінетін болат пен аллюминийге жақында енгізген қосымша баж салығына қатысты даулы мәселені бұл жолғы саммитте реттеудің сәті түспеген.
Құжатта G7 елдері шет мемлекеттердің "дұшпандық іс-қимылына" бірлесіп тез жауап қайтару тетігін жасауға келіскен. Бұл мәселе Ресейдің іс-әрекетін мысалға келтірген Ұлыбританияның ұсынысы бойынша талқыланған.
Сонымен бірге G7 елдері егер Ресейдің қимыл-әрекеті соны талап ететін болса, оған қарсы қосымша шаралар енгізу құқығын пайдаланатындарын атап көрсеткен.