Қырғызстан мен Тәжікстан екі ел шекаралары арасындағы даулы аймақты бөлу туралы келіссөзді таяу уақытта бастайды. Қырғызстан президенті баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл туралы Қытайдың Циндао қаласында өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) саммиті барысында Тәжікстан және Қырғызстан президенттері Сооронбай Жээнбеков пен Эмомали Рахмон арасындағы екіжақты кездесуде белгілі болды. Кездесуде негізінен екі елдің ынтымақтастығы мен аймақтық қауіпсіздік мәселелері көтерілген. Сонымен бірге екі ел президенттері қырғыз-тәжік шекарасын делимитациялау мен демаркациялауды тездету керек деп шешкен. Шекара мәселесіне қатысты премьер министр орынбасарлары деңгейіндегі кездесу 20 маусымда Душанбеде өтпек.
Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасындағы даулы аймақ жанжалға жиі себеп болады. 4 маусымда шекараның келісілмеген учаскесінде екі ел шекарашылары жанжалдасып қалып, әуеге оқ атылған. Жанжал кезінде қырғыз шекарашылары Тәжікстанның үш сарбазын ұстаған. Бірақ сол күні оларды босатқан.
Осы оқиғадан кейін екі елдің бас шекарашылары Тәжікстан аумағында кездесіп, жанжал туған жағдайда екі тарап та қару қолданбау туралы шешімге келген.