АҚШ Қаржы министрлігі Ресейге қарсы жаңа санкциялар салынғанын хабарлады. Министрліктің мәліметінше, жаңа санкцияға ресейлік үш компания мен Ресеймен байланысты екі халықаралық құрылым ілінген.
Санкция Санкт-Петербургтің сүңгуір және суастында қолданылатын құрал-жабдықтар жасаумен айналысатын "Дайвтехносервис" компаниясы мен оның иесі Владимир Каганскийге, компанияның бас директоры Александр Трибун және менеджері Олег Чириковке салынған.
АҚШ қаржы министрлігінің дерегі бойынша, "Дайвтехносервис" 2011 жылы Федералдық қауіпсіздік қызметімен 1,5 миллион долларға суасты аппараттарын жасау туралы келісім жасасқан.
Ведомство хабарламасында санкция салуға ресейлік жеке және заңды тұлғалардың Ливиямен байланысы және кибершабуылдарға қатысы бары себеп болғаны айтылады.