Қырғызстан Бас прокуратурасы Текебаев ісін қайта қараудан бас тартты

Омурбек Текебаев, Қырғызстандағы "Ата Мекен" партиясының қамаудағы лидері.

Қырғызстан Бас прокуратурасы оппозициялық "Ата Мекен" партиясының жетекшісі Омурбек Текебаевтың ісін кейін ашылған жайттар бойынша қайта қараудан бас тартты. Бұл туралы Азаттықтың Қырғыз редакциясына Текебаевтың адвокаты Таалайгүл Токтакунова хабарлады.

Адвокаттың сөзінше, бас прокуратура Текебаевтің ісін қайта қарауға еш негіз таппағанын айтқан. Адвокат прокуратураның шешіміне сотқа шағымданбақ.

Бұған дейін бас прокурор Откурбек Жамшитов Текебаев ісін оның қорғаушыларының өтініші бойынша қайта қарауды тапсырғанын мәлімдеген. Текебаевтың адвокаттары іске байланысты Леонид Маевский мен Алексей Модиннің жалған куәлік бергенін анықтағанын айтқан.

21 мамырда "Ата Мекен", "Онугуу-Прогресс" және "Республика-Ата Журт" партиялары Омурбек Текебаевтың ісін қайта қарау керектігін мәлімдеген.

"Ата Мекен" партиясының лидері Омурбек Текебаев пен Қырғызстанның Оңтүстік Кореядағы елшісі болған Дуйшенкул Чотонов 2017 жылдың ақпан айында ұсталған. Олар 2010 жылы ресейлік кәсіпкер Леонид Маевскийден "Мегаком" компаниясының акциясына иелік етуіне көмектесу үшін 1 миллион доллар пара алған деп айыпталған.

Қырғызстан Жоғарғы соты 2017 жылы 21 қарашада екі саясаткерді 8 сегіз жылға соттаған аудандық соттың үкімін сол күшінде қалдырған.

Сотталушылар өздеріне тағылған айыптың саяси астары бар деп санайды.