Шымкенттегі Оңтүстік Қазақстан облыстық "Ана мен бала" оңалту орталығында 18 жасқа толмаған 240 бала тіркеуде тұр. Бұл туралы маусымның 14-і күні оңалту орталығында өткен "Батылдық қорапшасы" атты акцияда орталықтың бас дәрігері Бақытжан Шәкенов хабарлады.
Акцияны ұйымдастырушы әрі ВИЧ жұқтырған баланың анасы Әлия Асауованың Азаттыққа айтуынша, "Батылдық қорапшасы" атты акцияны өткізудегі мақсат - әлеуметтік маңызы бар аурулармен ауыратын балаларға көмек беру.
- ВИЧ жұқтырған балалар жылына төрт рет орталықта ем қабылдайды. Әр келгенде оларға ине егіліп, анализ алынады. Жиі ауруханаға түскен бала күйзеліске ұшырайды. Осы күйзелісті жою мақсатында ине егу кезінде баланың ойын бөлу үшін түрлі ойыншықтар мен кітапшалар салынған қорап дайындадық, - дейді ол.
Бақытжан Шәкенов ойыншықтар салынған қорапша "баланың қорықпай ем алуына көмектеседі" дегенге келіседі.
- Қазір біздің орталықта ВИЧ жұқтырған 240 бала есепте тұрады. Олардың 229-ы арнаулы ем қабылдап жатыр. Орталыққа тіркелгендердің 12-сінің жасы 8-ге толмаған, - дейді бас дәрігер.
Жыл басынан бері орталыққа ВИЧ жұқтырған бала тіркелмеген. 2017 жылы облыста ВИЧ жұқтырған 9 бала тіркелген.
2006 жылы Шымкент ауруханасында 200-ден астам балаға ВИЧ вирусы жұққан еді. Осыдан кейін қозғалған "Дәрігерлер ісі" бойынша 21 адамның үстінен қылмыстық іс қозғалған.
Оқи отырыңыз: 100-ден аса балаға ВИЧ жұқтырғанын естірту жұмысы басталады