Шымкентте 15 маусым күні менингококк инфекциясын жұқтырды деген күдікпен 18 жастағы жасөспірім қайтыс болды. Жасөспірім туыстарының Азаттыққа айтуынша, науқас бүгін таңертеңгі сағат 6 шамасында менингит белгілерімен облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізіліп, бір сағаттан соң көз жұмған.
Облыстық денсаулық сақтау департаментінде Азаттыққа жасөспірімнің өлімін растады, бірақ оның нақты менингиттен көз жұмғанын және қатерлі дерттің қай түрімен ауырғанын анықтау үшін зертханалық тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Туыстарының айтуынша, жасөспірім биыл қаладағы №9 мектепті аяқтаған.
Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда жыл басынан бері 60 адам менингококк инфекциясын жұқтырған, олардың 21-і - 14 жасқа дейінгі балалар. Менингококк жұқтырғандардың 12-сі қайтыс болған. Қатерлі дерттен қайтыс болғандардың алтауы - Алматы қаласының, үшеуі - Алматы облысының, екеуі - Оңтүстік Қазақстан облысының, біреуі - Қызылорда облысының тұрғыны.