АҚШ президенті Дональд Трамп қарулы күштердің жаңа түрі - ғарыш қарулы күштері қолбасшылығын құру туралы жарлық шығарды. Трамп ашық ғарыш кеңістігінде АҚШ мүддесін қорғайтын қарулы күшті құру туралы жарлығын 18 маусымда Ғарыш мәселелері бойынша ұлттық кеңес жиынында жариялады.
Президент ғарыш қарулы күштерін құру ойы барын наурызда білдірген.
Ғарышта ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін жеке қолбасшылық құру туралы дебат 1990 жылдары Билл Клитон әкімшілігінің тұсында-ақ айтыла бастаған еді. АҚШ қорғаныс министрі Джим Мэттис бірнеше ай бұрын Конгресске хат жолдап, бұл идеяға қарсылық танытқан. Министр қарулы күштердің жаңа түрін құру жалпы қарулы күштерді басқаруды қиындататынын айтқан. АҚШ-та қазір қарулы күштердің бес түрі - құрлықтағы әскер, теңіздегі әскер, әуе күштері, теңіз жаяу әскері және жағалау күзеті бар.
Америкалық сарапшылардың көбі президенттің бір ғана жарлығымен әскердің жаңа түрі құрыла салмайтынын айтады. Жаңа қарулы күш құру - Конгресстің құзырындағы мәселе. Президенттің бастамасын конгрессмендердің қаншасы қолдайтыны әзірге белгісіз.