Иран мұнай өндіруді ұлғайту ұсынысын қабылдамады

Бижан Зангане, Иран мұнай министрі.

Иран Ресей мен Сауд Арабиясының мұнай өндіру көлемін ұлғайту туралы жоспарын қабылдамай тастады. Ірі мұнай тұтынушы елдердің мұнай бағасының қымбаттауына байланысты наразылығына жауап ретінде дайындалған жоспар осы аптада ОПЕК елдерінің жиынында ұсынылады.

"Біз бұл кездесуде келісім жасай алатынымызға сенбеймін" деді Иран мұнай министрі Бижан Зангане 19 маусымда Венаға барған соң.

Мәскеу мен Эр-Рияд ОПЕК пен басқа да ірі мұнай өндіруші елдер 2016 жылы келіскен шектеулердің көбін жоюды ұсынған. 2016 жылы ОПЕК пен ірі мұнай өндіруші елдер өндіріс көлемін тәулігіне 1,8 миллион баррельге дейін қысқартуға келіскен еді. Ұсыныс АҚШ, Қытай және басқа да мұнай тұтынушы ірі елдер мұнай бағасын арзандату шараларын қолға алуға шақырған кезде жасалып отыр.

Иран ОПЕК-тің өзге ықпалды үш елі - Ирак, Алжир және Венесуэламен бірге ұсынысқа қарсы екенін білдірді. Бижан Зангане АҚШ президенті Дональд Трамп таяуда ғана өндіріс көлемін ұлғайтуға пәрмен бергенін еске салды. "Трамп Венесуэла мен Иранға санкциялар салып, мұнай нарығында қиындықтар тудырды. Енді ол ОПЕК бағаны көтеру үшін бірнәрсе істейді деп күтіп отыр. Бұл - әділдік емес. ОПЕК - Трамптың айтқанымен жүретін ұйым емес" деді Зангане.