АҚШ-тың Мәскеудегі елшілігі таяу уақытта америкалық бір топ сенатор Ресейге келіссөз жүргізуге келетіні туралы ақпаратты я растап, я теріске шығармады деп хабарлайды Азаттықтың Орыс редакциясы.
Елшілік баспасөз хатшысының Азаттыққа берген комментариінде "америкалық конгрессмендер ресми сапары туралы өздері хабарлайтыны" айтылған. Елшілік сонымен қатар АҚШ-тың Ресейдегі елшісі Джон Хантсман АҚШ Конгрессі өкілдерінің Ресейге сапарын қоштайтынын және "америкалық дипломатиялық миссия басшысы Ресей билігімен диалогты азайтуды емес, керісінше, күшейтуді қолдайтынын" айтады.
АҚШ сенаторларының Ресейге сапарлап баратыны туралы өткен аптада Washington Post басылымы хабарлаған. БАҚ ақпаратына қарағанда, сенаторлар сапарын елші Хантсманның өзі ұйымдастырады, ал сапар АҚШ пен Ресей презиенттерінің келешектегі кездесуіне дайындықтың бір кезеңі болуы мүмкін.
Ресей Мемлекеттік думасының халықаралық істер комитетінің төрағасы Леонид Слуцкий мен Федерация кеңесі халықаралық істер комитетінің төрағасы Константин Косачев ресейлік агенттіктерге сенаторлардың 30 маусымда Санкт-Петербургке келетінін хабарлаған. Шілденің басында сенаторлар Мәскеуде Ресей билігі өкілдерімен кездеспек.
Washington Post мәліметінше, Ресейге сенаторлар Ричард Шелби, Джон Нили Кеннеди мен Джон Хувэн барады. Бұл үш сенатор президент Дональд Трамптың Республикашыл партиясынан сайланған. Басылым дереккөзінің мәліметінше, сенаторлар Ресейге ол елде "не болып жатқанын біліп қайтуға" бармақ.