Қазақстан Журналистер одағы Павел Дуровты марапаттады

Павел Дуров, Telegram мессенджерінің негізін салушы.

Қазақстан Журналистер одағы Telegram мессенджері мен "ВКонтакте" әлеуметтік желісін құрушы Павел Дуровты "Интернет-жоба" номинациясы бойынша марапаттады.

Журналистер одағының хабарлауынша, Дуров цензура мен мемлекеттің азаматтардың интернетте еркін пікір алмасуына килігуіне ашық қарсы шыққаны үшін марапатталып отыр.

Одақ барлығы 12 журналист пен бір шығармашылық ұжымды марапаттады.

Павел Дуров әлеуметтік желілер құқық қорғау органдарына қолданушылардың хат-хабарын оқу кілтін ешқашан бермейтінін бірнеше рет мәлімдеген.

Роскомнадзор Ресей Федералдық қауіпсіздік қызметіне қолданушылар хат-хабарын шифрлау кілтін беруден бас тартқаны үшін Telegram мессенджерін сот шешімі бойынша, сәуірдің 16-сынан бастап бүкіл ел аумағында бұғаттауды бастаған.