Түркияда жексенбіге белгіленген президент және парламент сайлауы қарсаңында қазіргі билік басындағы президент Режеп Тайып Ердоғанның жақтастары мен қарсыластары жаппай митингілер өткізіп жатыр.
Оппозициялық жетекші кандидат Мухаррем Индже сенбі күні Стамбул қаласында жаппай митинг ұйымдастырды. Маусымның 22-і күні Измирде оны қолдау акциясына, кей деректерге қарағанда, жүз мыңнан екі жарым миллионға дейін адам жиналған. Оппозицияны қолдайтындар бұл акцияны Түркияның қазіргі заманғы тарихындағы ең ірі акция деп атады.
Days before the presidential and parliamentary elections, Turkish President Erdogan%27s rival Muharrem Ince holds a rally attended by (depending on who you believe) hundreds of thousands/millions of people in the Aegean city of Izmir on Thursday evening. pic.twitter.com/IoALZVh4rr
— Raziye Akkoç (@RazAkkoc) June 22, 2018
Мухаррем Индже – қазіргі Түркия республикасының негізін қалаушы Мұстафа Кемал Ататүріктің идеяларын бағдар етіп ұстанатын Республикалық халық партиясының өкілі. Сауалнама қорытындылары бойынша, ол қазіргі президент Ердоғаннан қалып келе жатқанымен, сайлаудың екінші кезеңіне өту мүмкіндігі зор. Егер екінші турға өтіп, оппозиция біріккен жағдайда ол Ердоғанды басып озуы ықтимал.
Президент сайлауына түсіп жатқан оппозициялық кандидаттар арасында түркиялық күрдтер қолдайтын Селахаттин Демирташ та бар. Ол қазір қамауда отыр.
Ердоғанның жақтастары да елде жаппай акциялар ұйымдастырып өткізіп жатыр.
Thousands attend Erdogan%27s pre-election rally in Istanbul pic.twitter.com/5fq8m77Vyt
— Ruptly (@Ruptly) June 19, 2018
Түркия президенті елді 15 жылдан бері халықаралық аренада танытып келе жатқан саяси тәжірибесіне сүйенетінін айтады.
Оппозицияны жақтайтындар билік сайлауда бұрмалаушылықтарға баруы мүмкін деп қауіптенеді. Сенбі күні ондаған адамның ұсталғаны туралы хабарланды. Билік олардың қазір АҚШ-та тұрып жатқан діни қайраткер Фетхулла Гүленмен байланысы бар деп мәлімдеді. Ресми Анкара Гүленді 2016 жылғы шілдеде Түркияда іске аспай қалған мемлекеттік төңкеріс әрекетін ұйымдастырушы деп айыптайды. Гүлен бұл айыптауды жоққа шығарады.