АҚШ Израиль-Палестина жанжалын реттеу жоспарын дайындап жатыр

Джаред Кушнер, АҚШ президентінің кеңесшісі.

АҚШ президенті Дональд Трамптың күйеубаласы әрі кеңесшісі Джаред Кушнер Шығыс Иерусалимде шығатын Al-Quds газетіне сұхбат беріп, АҚШ президенті әкімшілігі таяуда Израиль-Палестина дағдарысын реттеу жоспарын дайындап болатынын мәлімдеді.

Кушнер Вашингтонның Палестина әкімшілігінің басшысы Махмуд Аббаспен жұмыс істесуге дайын екенін айтты. Бұған дейін Палестина автономиясы Трамп Иерусалимді Израиль астанасы деп жариялап, АҚШ елшілігін осы қалаға көшірген соң Вашингтон қатысатын келіссөзге бойкот жариялаған.

АҚШ президентінің кеңесшісі дайындалып жатқан жоспар туралы егжей тегжейлі айтудан бас тартты, бірақ оның қалай болғанда да жарияланатынын айтты. "Егер Аббас келіссөзге қайта оралса, біз онымен бұл жоспарды талқылауға дайынбыз. Егер бас тартса, онда жоспар тек жарияланады" деді Кушнер. Дегенмен, ол Палестина басшысының ымыраға келу ниеті барына және оған дайын екеніне күмән келтірді.