Сирия армиясы Дераа провинциясына шабуылын жалғастырды

Дераа провинциясының әл-Харак қаласында қираған ғимараттар мен бомба жарылысынан көкке көтерілген түтін. Сирия, 25 маусым 2018 жыл.

Сирия армиясы елдің оңтүстік-батысындағы Дераа қаласы аумағында шабуылға шықты деп хабарлады Reuters агенттігі. 24 маусым күні Ресей бұл ауданға әуеден шабуыл жасаған. Құрбан болғандар туралы мәлімет жоқ.

Syrian Observatory for Human Rights ұйымы мен Reuters агенттігі қарулы оппозициядағы дереккөздеріне сілтеме жасап, Сирия армиясының тікұшақтары 25 маусымға қараған түні Дераа қаласын бомбалағанын хабарлады. Тікұшақтар қолдан жасалған бомбалар мен тұрғындарды "Шығыс Гутадағы бауырлары сияқты терроршыларды қуып шығуға" шақырған үнпарақтар тастаған.

Дераа провинциясын бомбалау 19 маусымда басталған. Голан жоталарымен және Иорданиямен шектесетін бұл провинцияда деэскалация аймағы құрылған 2017 жылдың жазынан бері әскери іс-қимылдар жүргізілмеген. Сирияда Иордания, АҚШ және Ресейдің араласуымен мұндай бірнеше аймақ құрылған.

Ресей Қорғаныс министрлігі Сирия армиясы Ресей авиациясының көмегімен көтерілісшілер шабуылын тойтарғанын мәлімдеді. Ресей әскерилері арасындағы дереккөздің мәліметінше, шабуылдан 70-ке тарта содырдың көзі жойылды. Ресей қорғаныс министрінің орынбасары Михаил Богданов 27 маусымда Мәскеуге келуді жоспарлап отырған АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік бойынша кеңесшісі Джон Болтонмен Дераа провинциясындағы жағдайды талқылауға дайын екенін мәлімдеді.