Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі ұйым (Organisation for the Prohibition of Chemical Weapons - OPCW) химиялық шабуыл жасауға кінәлілердің аты-жөнін атау құқығына ие болды. Бұл туралы шешім OPCW елдерінің Гаагада өткен арнайы сессиясында дауыс беру кезінде қабылданды.
Ұйымның мандатын кеңейту туралы ұсынысты Ұлыбритания көтерді. Дауыс беруде құжатты 82 ел қолдап, 24 ел, оның ішінде Ресей, Иран және Сирия қарсы шықты. Ресейдің OPCW-дағы тұрақты өкілі Александр Шульгин Батыс елдерін Мәскеудің одақтастарына Ұлыбритания ұсынған құжатты қолдауға мәжбүрлеп отыр деп айыптады.
OPCW құзыреті ұйымның жаңа басшысы қызметіне кіріскен соң қараша айында кеңейтіледі. Бұл уақытта химиялық шабуылға кінәлілерді анықтау процедуралары нақтыланады.
OPCW Сирияда соғыс басталғаннан бері бұл елде химиялық қару қолданылғанын бірнеше рет мәлімдеген. Ұйымның арнайы комиссиясы химиялық шабуыл болғанын бірнеше рет дәлелдеген, бірақ құзыреті жоқ болғандықтан кінәлілерді атаудан бас тартқан.
Батыс елдері химиялық шабуылға Ресей қолдайтын Сирия президенті Башар Асад билігін айыптайды. Дамаск химиялық қару қолданғанын терістеп, халықаралық бақылаушылардың қадағалауымен химиялық заттардың барлығын елден шығарғанын айтады.