Қазақстан сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпеомен телефонмен сөйлесіп, түрлі сала бойынша екіжақты қарым-қатынасты дамыту жайын талқылады деп хабарлады 29 маусымда Қазақстан Сыртқы істер министрлігі (СІМ). АҚШ Мемлекеттік депртаментінің ресми сайтында Помпео мен Әбдірахмановтың телефонмен сөйлескені туралы ақпарат жоқ.
Әбдірахманов пен Помпео 28 маусымда болған телефон әңгімесінде Қазақстан мен АҚШ арасындағы стратегиялық әріптестікті дамыту жайын, сауда-экономикалық, инвестициялық салалар, энергетика, ауыл шаруашылығы және басқа да салалардағы байланысты нығайту келешегін талқылады.
Министрлік таратқан ақпаратта екі ел сыртқы істер ведомстволарының басшылары аймақтық және халықаралық өзекті мәселелер бойынша пікір алмасқаны айтылады.
Помпео мен Әбдірахманов сонымен қатар Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің Ауғанстанда тұрақтылықты қамтамасыз етуде АҚШ-пен және басқа да серіктестермен ынтымақтаса жұмыс істесуі маңызды екенін айтты.
Министрлік мәліметінше, Қайрат Әбдірахманов Майк Помпеоны Қазақстанға сапарлап қайтуға шақырды.