Антарктидада минус 98,6 градус температура тіркелді

Antarctica

Зерттеушілер жер бетіндегі ең суық температураны тіркеді: Антарктидада температура Цельсия бойынша минус 98,6 градусты көрсеткен. АҚШ-тың Колорадо штатындағы университеттің Тед Скамбос жетекшілік ететін зерттеу тобы Жер шарының оңтүстік полюсі саналатын құрлықтың мұз қабатына спутниктік талдау жасау барысында ең төменгі температураны байқаған.

Зерттеушілер 2004 жылдан 2016 жылдың аралығындағы кезеңде оңтүстік поляр аймағында минус 90 градустан төмен температураны жалпы саны 150-ден көп рет байқаған. Зерттеушілер өздері жүргізген өлшемдер туралы "Жер мен ғарыш туралы перспективалы ғылымдар" журналында жариялаған.

Мақала маусымның 25-і күні журналда жарияланғанға дейін Жер бетінде тіркелген ең суық температура – 1983 жылғы шілденің 23-і күні Антарктидадағы ресейлік "Восток" зерттеу станциясында минус 89,2 градус болған.