Соңғы бес жылда Ресейден кеткісі келетін жастар саны ең жоғары көрсеткішке жетті. Бүкілресейлік қоғамдық пікірді зерттеу орталығы (ВЦИОМ) жүргізген сауалнама бойынша, Ресейде 18-24 жас аралығындағы ресейліктердің 31 пайызы елден кетуге ынталы екенін білдірген.
Ал барлық жас ерекшелігі бойынша сауалнамаға қатысқан азаматтардың 10 пайызы эмиграция жасағысы келетінін мәлімдеген.
РБК агенттігінің хабарлауынша, ресейліктер кеткісі келетін елдер арасында Германия бірінші орында тұр. Бұл елге ресейліктердің 16 пайызы кеткісі келеді. Одан кейінгі орындарда АҚШ, Испания, Канада және Италия тұр.
"Левада-центр" әлеуметтанушыларының таяуда жүргізген сауалнамасы бойынша, әрбі бесінші мәскеулік Ресейден көшіп кетуді қалайды. Ресейдің басқа аймақтарында бұл көрсеткіш үш пайызды ғана құрайды. Сауалнама нәтижесінде ресейліктердің төрттен бірінде ғана жарамды төлқұжаты бары және үштен бірі бір рет болса да шетелге шыққаны анықталған. Сарапшылар сонымен қатар шетелге көбінесе жастар мен ауқатты азаматтар ғана кеткісі келетінін айтады.