Ресми баспасөзде сайлау туралы заң мен кейбір басқа да заңдарға жергілікті өкілдік органдарға партиялық тізім бойынша сайлауды қарастыратын түзетулер мен өзгерістер енгізу туралы заңы жарияланды. Заңға өткен аптада Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев қол қойған.
Бұрынғы заң бойынша, мәслихат депутаттығына сайлауға өз-өзін ұсынғандар, қоғамдық ұйым мен саяси партиялар өкілдері түсе алатын. Жаңа заң бойынша, енді мәслихат депутаттығына кандидатты саяси партия ғана ұсына алады. Заңда партиялардың тізіміне өз мүшесі емес адамдарды қоса алмайтыны айтылған.
Заң жобасын парламентте талқылау кезінде кейбір заңгерлер мен азаматтық белсенділері бұл ұсынысты "партияда жоқ адамдарды жергілікті өкілдік органдарға сайлануы мүмкіндігінен айырады" деп сынаған.
Оқи отырыңыз: Мәслихат та тізіммен сайланса, не болмақ?
Қазақстанда ресми тіркелген алты саяси партия бар. Олардың бесеуі билікшіл партия саналады, біреуі - Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) өзін оппозиция санайды. Партиялық тізім бойынша сайланатын парламент мәжілісінде үш партия - президенттің "Нұр Отан" партиясы мен билікшіл Қазақстанның халықтық коммунистік партиясы және "Ақ жол" партиясы бар.
Заң жобасы парламентте талқыланып жатқанда жобада аудандық маңызы бар қала әкімдерін, ауыл, кент және ауылдық округ әкімдерін төте сайлау туралы норма болған. Бірақ 14 маусым күні парламент сенаты заң жобасынан әкімдерді төте сайлау туралы баптарды алып тастап, құжатты мәжіліске қайтарған. 20 маусым күні мәжіліс сенаттың ұсыныстарымен келісіп, жобаны президенттің қол қоюына жолдаған.
Ресми баспасөзде жарияланған заң өзгерісі бойынша, мемлекеттік рәміздер туралы заңға мемлекеттік елтаңбадағы "ҚАЗАҚСТАН" деген сөзді "QAZAQSTAN" деген сөзбен алмастыру туралы түзету енгізілген. Бұл өзгеріс биліктің қазақ тілін кирилл әліпбиінен латын әліпбиіне көшіру жоспары бойынша жасалмақ.
Заң жобасы 10 күннен соң күшіне енеді.