Ресейде мыңдаған адам президент Владимир Путиннен ұлттық республикалардағы мектептерде ана тілін міндетті оқытуды тоқтатпауды талап етті деп хабарлайды "Кавказский узел" сайты. Әзірге дейін мектепте ана тілін міндетті оқытуды жалғастыра беруді талап еткен петицияға 40 мыңнан астам адам қол қойды.
"Жалпы білім берудің оқыту жоспарында ана тілінде міндетті оқытуды сақтап қалу" деп аталатын бастамашыл топтың петициясы Change.org сайтында үш ай бұрын, 10 сәуірде Мемлекеттік думаға білім беру туралы заңға өзгерістер енгізу жобасы түскен соң жарияланған.
Ресейдегі түрлі халықтардың белсенді өкілдері заң жобасы қабылданса, ол елдегі қазіргі тепе-теңдікті бұзатынын және ақыр соңында мектептерде ана тілінде оқытуды тоқтататынын айтып, алаңдайды.
Белсенділер пікірінше, заң жобасы "өзара жарасымды ұлтаралық қарым-қатынастардың негізіне нұқсан келтіріп, Ресей халықтарының тілдерін сақтап қалуға кедергі болады және республикалардың өз мемлекеттік тілінде жұмыс істеу құқығын бұзады.
Оқи отырыңыз: Ресейдегі ұлттар мен Мемлекеттік дума арасындағы тіл тартысы
19 маусымда Мемлекеттік дума "Білім беру туралы" заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жобасын алғашқы оқылымда мақұлдаған. Құжатта Ресейдегі ұлт республикаларың тілдерін мектепте "таңдау арқылы" оқыту қарастырылған.