Ресейлік "Натали Турс" туристік операторының Қазақстандағы кеңсесі өз сайтында 4 шілдеден 30 қыркүйекке дейінгі тапсырыстары мен қызметін көрсетуден бас тартатынын хабарлады. Бұл ақпарат Ресейдегі туристік оператор серіктестері алдындағы міндеттемелерін орындай алмай отырғанын мәлімдеген соң жарияланып отыр.
"Натали Турс" сайтындағы хабарламада "қабылдаушы серіктестермен байланысты жағдайдың нашар екені", соған байланысты компания туристік жолдамалар бойынша мойнына алған міндетін орындауға кепілдік бере алмайтыны айтылады. Компания сонымен қатарөтемақы төлеу тәртібі және агенттерімен өзара іс-қимыл жобасы туралы ақпаратты кеңесу өткізгеннен соң беретінін айтады. Әзірге қандай да бір кеңес, жиын болғаны, я болмағаны, қандай шешімдер қабылданғаны белгісіз.
Туристік оператордың Алматыдағы кеңсесі Азаттыққа компанияның өз міндеттемелерін орындауына қатысты жағдайға комментарий беруден бас тартты.
4 шілдеде "Натали Турс" компаниясының бас директоры Владимир Воробьев "Эхо Москвы" радиосында оператордың өз клиенттеріне келісім жасалған жолдамаларының күшін жоятынын айтқан. Воробьевтің сөзінше, компания серіктестері "жағымсыз ақпаратқа" бола "Натали Турске" қызмет көрсетуден бас тартып отыр. Азаттықтың Орыс редакциясының хабарлауынша, мұның алдында туристік оператор Еуропа мен Түркия бағытындағы барлық чартерлік рейстерін тоқтатқан. Кейін қонақүйлер "Натали Турстың" брондарын ақшасы төленбеді деп жойған.
Ресей туризм индустриясы одағының есебінше, шілдеде "Натали Турстың" ақшасын төлеген мың жарымға тарта клиенті саяхатқа шыға алмайды. Туризм индустриясы одағының баспасөз хатшысы Ирина Тюрина "Интерфакс" агенттігіне Воробьевтің брон жасалған турлар бойынша киленттерге ақшасын қайтарып бермек ойы барын растағанын, бірақ қайтару мерзімін айта алмағанын хабарлаған.
Бұған дейін ресейлік "Коммерсантъ" басылымы өз дереккөздеріне сілтеме жасап, "Натали Турстың" контрагенттерге шамамен бір миллион доллар қарыз екенін хабарлаған. Жағдайға қанық дереккөз ТАСС агенттігіне компанияның он миллион доллар қарызы барын айтады.