Иран президенті Хассан Роухани Тегеранның әлемдік державалармен жасасқан ядролық келісімнен "әзірге тиімді болып тұрған кезде" шықпайтынын мәлімдеді. Оның сөзінше, АҚШ келісімнен шыққан соң келісімге қосылған өзге елдер - Германия, Франция, Ұлыбритания, Ресей және Қытай Иран мүддесінің сақталуына қарайласуы керек. Роухани сонымен қатар АҚШ-тың әрекеті әлемдік нарықта мұнай бағасының қымбаттауына әкеліп соқтыратынын да айтты.
4 шілдеде Роухани ядролық келісімнің келешегін талқылау үшін Венаға барған. Австрия қазір Еуропа Одағына төрағалық жасайды. 6 шілдеде Венада бес ел мен Иран сыртқы істер министрлерінің кездесуі өтуі тиіс. Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров кездесуге қатысатынын растады.
Мамырда АҚШ Иранның ядролық бағдарлмасын тежеп, есесіне бұл елге салынған халықаралық санкцияларды жұмсартатын келісімнен шыққан. Келісімге қол қойған өзге елдер - Ресей, Қытай, Ұлыбритания, Франция және Германия келісімнен шықпайтынын айтады. Енді Вашингтон Тегеранға қарсы санкциясын, оның ішінде Иран мұнайын тасымалдауға салған эмбаргосын қайта қолданып, Иранмен жұмыс істескен өзге елдердің компанияларына қайта санкция салуы мүмкін.
Роуханидің Венаға барарынан бірнеше сағат бұрын Австрия Сыртқы істер министрлігі Ираннан Венадағы Иран елшілігінің "Францияда жарылыс жасамақ болды" деген күдікке ілінген қызметкерінің бірін дипломатиялық тиіспеу құқығынан айыруды талап еткен. Күдікті дипломат Германияда ұсталған. Иран мұның арандату екенін мәлімдеді.