Жапонияда көп адамның қазасына айыпты деп танылып, өлім жазасына кесілген "Аум Синрикё" экстремистік тобының негізін қалаушы Сёко Асахару (Тидзуо Мацумото) мен оның бірнеше жақтасына сот үкімі орындалды. Бұл туралы бүгін NHK хабарлады. Кейін бұл ақпаратты Жапония әділет министрі растады.
2014 жылы жапон соты 1995 жылғы наурызда Токио метросында көп адамның қазасына себеп болған шабуылға айыпты деп танылған Сёко Асахару мен оның 12 жақтасын дарға тарту туралы үкім шығарған болатын. Метрода зарин газын қолданып жасалған шабуыл салдарынан 13 адам қаза тауып, алты мыңнан аса адам зардап шеккен.
Әлемнің бірқатар елінде қызметіне тыйым салынған "Аум Синрикё" экстремистік тобының ісі бойынша сот процесі 20 жылдан астам уақытқа созылған. Адвокаттары сот үкіміне шағым түсіріп, Жоғарғы сотқа дейін барғанымен, үкім күшінде қалған. NHK телеарнасына сұхбат бергендердің айтуынша, соңғы бірнеше жылда Мацумото өз отбасы мүшелері немесе адвокаттарымен кездесуден бас тартқан.
"Аум Синрикё" ұйымы 1980 жылдары Жапонияда құрылған. Кей мәліметтер бойынша, ұйымға мүше адам саны 30 мыңнан 50 мыңға дейін жеткен.