Украинада "мемлекетке сатқындық жасады" деген айыппен қамалған ресейлік журналист, "РИА Новости Украина" агенттігінің бас редакторы Кирилл Вышинский "атыс қаруы мен оқ-дәріні заңсыз сатып алған және сақтаған" деген күдікке ілікті. Бұл туралы Украина прокуратурасының баспасөз хатшысы хабарлаған.
Ресми ақпаратта Вышинскийдің банк мекемесінде жалға алған жеке сейфін тексеру барысында тапанша мен оның оқтары табылғаны айтылған. "Сот-баллистикалық сараптамасы нәтижесінде FN Browning M1906 маркалы өздігінен оқталатын иір ойықты тапаншаның атыс қаруы екенін анықтады", - делінген прокуратура өкілінің хабарламасында.
"РИА Новости Украина" агенттігінің жетекшісі Кирилл Вышинскийді мамырдың 15-і күні "мемлекетке опасыздық жасаған" деген күдікпен ұстаған. Украиналық құқық органдарының тұжырымы бойынша, Ресей "РИА Новости Украина" агенттігінің Киевтегі бюросын Украинаға қарсы ақпараттық соғысқа пайдаланған. Мамырдың 17-і күні Херсон қалалық соты журналисті екі айға тұтқындауға шешім шығарған.
Киев Мәскеуге Кирилл Вышинскийді Ресейде сотталған украиналық режиссер Олег Сенцовқа айырбастауды ұсынған. Ресей президенті Владимир Путин "Сенцовты журналистік қызметі үшін емес, салдарынан адамдар зардап шегуі ықтимал жарылыс жасауға дайындалғаны үшін ұстаған" деп мәлімдеген. Ол Сенцов пен Вышинксийге тағылып отырған айыптарды "салыстыруға келмейді" деп атаған.