Жапонияның батысындағы Курасики қаласында әдеттен тыс қатты нөсер салдарынан кемінде 66 адам қаза болып, 1000 адам баспанасыз қалған. Зардап шеккен жүзге жуық адам ауруханаға түскен. 60 адам хабар-ошарсыз кеткен деп хабарлайды жапонның NHK телеарнасы.
Қатты нөсер әсерінен көшкін жүріп, өзен арнасынан шыққан. Төңіректі басқан судан қайда барарын білмей абдыраған жұрттың көбі үйдің шатырына шығуға мәжбүр болған. Құтқарушылар апат аймағынан адамдарды алып шығу үшін тікұшақ пен қайықты пайдаланып жатыр деп хабарланды.
Жапонияның батысында шілде айындағы әдеттегі мөлшерінен үш есе артық жауған жаңбыр салдарынан жарты миллионға жетер-жетпес тұрғыны бар Курасики қаласы қатты зардап шеккен.
Жапония телеарнасы жергілікті аурухананың балконына шығып, құтқарушылар жәрдемін күтіп тұрған адамдарды көрсетті. Телеарнадан берілген видеода лай суда қалқып жүрген автокөліктер байқалады.