БҚО-да аспаннан құлаған объектінің не екені анықталды

Батыс Қазақстан облысына құлаған белгісіз объектінің әлеуметтік желіде тараған суреті. 5 шілде 2018 жыл.

5 шілдеде Батыс Қазақстан облысында аспаннан құлаған белгісіз объекті - ресейлік ракетаның фрагменті. Бұл туралы Азаттық тілшісіне Қазталов ауданы әкімінің орынбасары Нұретден Құтхожин мәлімдеді. Әкім орынбасарының айтуынша, белгісіз заттың не екенін ресейлік әскерилер анықтаған.

Құтхожиннің сөзінше, Ресей өкілдері "құлаған зат - қатты отын үшін арналған зымыран ыдысы" деп мәлімдеді. Әскерилер ракетаға қатысты басқа ақпарат бермеген.

Аймақтағы экология департаментінің бсшысы Мұрат Ермекқалиевтің айтуынша, бұл объект - Ресейдің Капустин Яр сынақ алаңынан шыққан зымыран қалдығы. Бірақ құлаған жерге радиациялық әсері болмаған.

4 шілде күні Батыс Қазақстан облысы Қарасу және Жұлдыз ауылының ортасындағы далада аспанан белгісіз объект құлаған. Объект құлаған маңда өрт болып, оны төтенше жағдай мамандары өшірген.

Оқи отырыңыз: Зымыранның құлауы ауыл тұрғындарын дүрліктірді

2014 жылы наурызда Батыс Қазақстан облысының Бөкей ордасы ауданының Шоңғай ауылының маңына Ресейдің Капустин Яр полигонынан ұшырылған метеорологиялық "МН-300" зымыраны құлаған.