Ұлыбританияның әскери-теңіз флоты Атлант мұхитының солтүстігінде Ресей тарапынан "төніп келе жатқан қауіпке" қарсы тұру үшін әскери әлеуетін күшейтеді деп мәлімдеді корольдік флот қолбасшысы адмирал Филип Джонс Sky News агенттігіне берген сұхбатында.
Оның сөзінше, "аталған аймақта Ресей әскери-теңіз күштері он жыл бұрынғымен салыстырғанда заманауи әрі соғысқа қабілетті бола түскендіктен" енді британдық кемелер мен ұшақтар аймаққа жиі барып тұрады. Британ адмиралы Ресей флоты мүмкіндіктерінің арта түсуі өзін "қатты таң қалдырғанын" және Мәскеу "бұл салаға қаржы жұмсап, зерттеу жүргізгені айқын" екенін айтты.
Бірнеше апта бұрын АҚШ Атлант мұхитының солтүстігінде Ресейдің әскери белсенділігі күшейіп келе жатуына байланысты аймаққа Екінші флотын қайта орналастыратынын хабарлаған. Америкалық флоттың аймақтағы міндеттерінің бірі ғаламдық ақпараттың 97 пайызы берілетін, оның ішінде тәулігіне 10 триллион доллар қаржы операциясы жүзеге асырылатын су асты интернет кабельдерін қорғау болмақ.
Филип Джонс Ресей әскери кемелері бұл кабельдерді іздеп, "өте тереңде және аса қиын жағдайда" олармен "жұмыс істеу әдісін" жасайды деп алаңдайды. Джонстың сөзінше, Ресей бұл мақсатта сүңгуір аппараттарды қолданады. Джонстың сұхбаты Брюсельде НАТО елдер басшыларының саммиті өтерден бірнеше күн бұрын жарияланып отыр.