"Ислам мемлекеті" (ИМ) экстремистік тобы 9 шілдеде өз мүшесі - жанкешті Сирияның Дераа провинциясында 35 ресейлік және сириялық әскери қызметкерді өлтіргенін мәлімдеді. ИМ мәлімдеуінше, жанкешті бомба қойылған көлігімен одақтастар әскері шоғырланған жерге басып кіріп, өзін жарып жіберген. Оқиға "Сирия ерікті армиясының" жасақтары бірер күн бұрын президент Башар Асад күштеріне өткізген Зайзун қаласында болған. Қаланы қабылдап алуға соғысушы тараптарды бітімге келтіру орталығындағы ресейлік әскерилер қатысқан.
Ресей Қорғаныс министрлігі исламшыл содырлардың мәлімдемесін "кезекті фейк" деп атап, ресейлік сарбаздардың қазасын жоққа шығарды.
"Интерфакс" агенттігінің хабарлауынша, қорғаныс министрлігі Сириядағы "Ресейдің барлық әскери қызметкері аман-сау, міндетін атқарып жүргенін" мәлімдеді.
Ресей қорғаныс министрлігінің мәліметінше, Сириядағы соғыста осы кезге дейін жалпы саны 50-ден астам Ресей сарбазы қаза тапқан. Олардың сегізі биыл мамырда оққа ұшқан. Бейресми деректер бойынша, Сирияда қаза болған ресейлік әскерилер саны бұдан бірнеше есе көп.