Әзербайжанда полицейлер өліміне күдіктілердің бірі ұсталды

Әли Хасанов, Әзербайжан президентінің көмекшісі.

Әзербайжан полициясы Гянджа қаласында наразылармен қақтығыста екі полицияның өліміне күдікті екі адамның біреуін тұтқындады. Әзербайжан Ішкі істер министрлігі 11 шілде күні кешке полиция екінші күдіктіні іздеп жатқанын хабарлады.

Әзербайжан Бас прокуратурасы 10 шілде күні Гянджа қаласының орталығында 200 шақты адам жиналып, полициямен қақтығысқанын, тәртіпсіздік кезінде екі полиция қызметкері қаза тапқанын хабарлаған. Полиция наразыларды күшпен таратып, 40 шақты адамды тұтқындаған.

Қақтығыс болған кезде Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев шетелде іссапармен жүрген. Әлиевтің көмекшісі Әли Хасанов полицейлер өлімінен соң "елдегі тұрақтылықты шайқалтудан" сақтандырып, кінәлілердің жауапқа тартылатынын мәлімдеді.

"Әзербайжанда бей-берекетсіздік орнатып, қақтығысқа арандатқысы келгердер қатаң жазаға тартылады" деп жазды Хасанов Facebook парақшасында.

Әзербайжандық БАҚ наразылықтың Гянджа қаласының мэрі Эльмар Валиевке жасалған шабуылға күдікті ер адамның ұсталуына байланысты шыққанын хабарлайды.

3 шілде күні Эльмар Валиевке оның кеңсесі алдында қастандық жасалған. Валиев пен оның оққағары оқ тиіп жарақаттанып, ауруханаға түскен. Полиция шабуылға күдікті Юнус Сафаровтың ұсталғанын хабарлаған.

Билік күдіктінің "радикалды исламшыл топ мүшесі" екенін, "елде ислам мемлекетің орнату үшін мемлекеттік төңкеріс жасамақ болғанын" айтады.

Әзербайжан құқық қорғау органдары 35 жастағы Сафаровтың ұлты орыс екенін және "Иранда әскери дайындықтан өтіп, Сирияда экстремистік топ қатарында соғысқанын" мәлімдеді.

Бірақ батыстық және ресейлік ақпарат құралдарына хабар дайындайтын журналист Брэдли Джардин әзербайжандықтар әлеуметтік желілерде Сафаровты "ұлт қаһарманы" деп мақтап жазып жатқанын айтады.