Ресей президенті Владимир Путин 12 шілде күні Мәскеуде Иранның рухани көсемі аятолла Әли Хаменеидің аға кеңесшісі Әли Акбар Велаятимен кездесті. Ресейлік ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, Хаменеидің кеңесшісі Иран-Ресей қарым-қатынасын "стратегиялық деңгейде" деп, жоғары бағалады. Иран делегациясы Мәскеуге кеше барған.
Кездесуге Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров, Иран делегациясы құрамында рухани көсем кеңесшілері бюросының төрағасы Әли Асгар Фатхи Сарбанголи және Иранның Ресейдегі елшісі Мехди Санаи қатысты.
Велаяти сонымен қатар Ресей мен Иранның Сирияда ынтымақтастық орнатып, Сириядағы жеті жылға созылған соғыста президент Башар Асадты "терроризмге және оған дем берушілерге" қарсы соғысында қолдап отырғанын айтты.
Владимир Путин кеше Мәскеуде Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен кездескен. Reuters агенттігі бұған дейін Израиль үкіметіндегі жоғары шенді шенеунікке сілтеме жасап, Нетаньяхудың Путиннен Сириядан Иран әскерін шығаруын сұрағанын хабарлаған.