Алматының Әуезов аудандық соты журналист Геннадий Бендицкийдің мұрагерлері - 18 жастағы ұлы Олег Бендицкий мен кәмелетке толмаған қызы Екатерина Бендицкаяның Ақпарат және коммуникация министрлігінің ақпарат комитетіне қарсы азаматтық шағымын қанағаттандырудан бас тартты. 13 шілде күні өткен сотта Әуезов аудандық сотының судьясы Гүлжан Имансерікова шешімнің қарар бөлігін ғана оқыды. Журналист Вадим Борейконың Азаттық тілшісіне хабарлауынша, соттың толық шешімі бірнеше күннен соң жарияланады.
Сотқа қатысқан Геннадий Бендицкийдің жесірі Анна Устинова Азаттыққа әзірге сот шешіміне қатысты апелляциялық шағым түсіру жайын әлі шешпегенін айтты.
Геннадий Бендицкийдің мұрагерлері шағымында ақпарат комитетінің 2018 жылы 18 сәуірде "Ratel.kz сараптамалық интернет порталын" тіркеуге қою жөніндегі куәліктің күші жойылғаны туралы" шығарған бұйрығын заңсыз деп тануды және оны жоюды сұраған. Шағым иелері сонымен қатар соттан ақпарат комитетін "Ratel.kz сараптамалық интернет-порталын" мерзімді басылымдар реестріне қайта қосуға міндеттеуді сұраған.
Оқи отырыңыз: Ratel.kz ісі: қызметін тоқтатсын және тыйым салынсын
Журналист Геннадий Бендицкий 2017 жылы желтоқсанда қайтыс болған. Медеу аудандық соты 28 мамыр күні қалалық прокуратураның Ratel.kz интернет-порталының бас редакторы Марат Әсіповке қарсы шағымын қанағаттандырған. Прокуратура шағымында "Ratel.kz сараптамалық интернет-порталының" қызметін тоқтатуды, оны тіркеуді жоюды және Ratel.kz пен Balborsyk.kz домендерін пайдалануына бір жыл тыйым салуды сұраған. Прокуратураның айтуынша, былтыр желтоқсанда доменнің иесі Геннадий Бендицкий қайтыс болғаннан кейін редакция материалдарды Ratel.kz доменін пайдаланып, бірақ тіркелушінің есептік деректерін өзгертпей жариялай берген.