Беларусь билігі өзін Өзбекстаннан шыққан трансгендер-әйелмін деп атайтын адамды паналатудан бас тартты. Өзіне пана сұраған әлгі адам егер Өзбексанға оралатын болса азаптау мен қатыгездікке тап болатыны туралы мәлімдеген.
Өзін Каринамын деп таныстырған әйел паналатуды сұраған өтініші қанағаттандырылмайтыны туралы шілденің 13-і күні жауап алғанын айтады. Беларусь билігі өтініш иесінің Өзбекстанда азаптау мен зорлық-зомбылыққа ұшырайтындығына дәлел жоғын алға тартқан.
26 жастағы Карина Беларусь билігінен өзін паналатуды сұраған өтінішін 2017 жылғы желтоқсанда берген. Жеке құжаттарында оның жынысы – ер адам деп көрсетілген Өзбекстанда гомосексуализм қылмыс болып саналады және ол үшін үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Бұған дейін Карина Азаттыққа Өзбекстанда өзін бірнеше рет ұстағаннан кейін елден кетуге мәжбүр болғанын айтқан. Оның сөзінше, 2014 жылдан 2017 жылға дейін милиция қызметкерлері оны төрт рет ұстаған, ұрып-соғып, қинаған, ЛГБТ қауымына жататын таныстарының аты-жөнін айтуын талап еткен. Карина 2017 жылы қаңтардың 3-і күні милицияға кезекті рет түсіп, қамауда болған кезде сексуалдық зорлыққа ұшырағаннан кейін елден «кету туралы түпкілікті шешім» қабылдағанын айтады.
Карина әуелі Мәскеуге барған, бірақ желтоқсанда Ресей билігі жыныстық ерекшелігіне байланысты қуған көргенін айтып, босқын мәртебесін беруді сұраған Каринаның өтінішін қанағаттандырудан бас тартқан.
Беларустық адам құқығын қорғаушы Наталия Маньковская Минск билігі Каринаның өтінішін қанағаттандырудан негізсіз бас тартты деп санайды.