Ауғанстан: "Талибан" жеті полицейді өлтірді

Нангархар уәлаятында жүрген талибан әскерилері.

Ауғанстан билігі "тәліптер Нангархар уәлаятының шығысындағы бақылау-өткізу пунктіне шабуылдап, жеті полицейді өлтірді" деп хабарлады.

Уәлаяттың полиция басшысы Гулам Санайи Станикзай бүгін шабуылдың Гани Кахил ауданында шілденің 15-інде кешке қарай болғанын мәлімдеді.

Оның сөзінше, шабуыл кезінде "Талибан" әскерінің бес сарбазы қаза тапқан. Жексенбі күні Нангархар уәлаятының Хогйан ауданындағы билік жасаған әуе соққысынан 20 тәліп әскериі өлген.

Тәліптер Гани Кахила жайлы да, әуе соққыларына қатысты да ешбір мәлімдеме жасаған жоқ.

Кеше - шілденің 15-інде өзіне бомба байлаған жанкешті Кабулдағы министрлік ғимаратының көлік тұрағында өзін жарып жіберген. Жарылыстан жеті адам қаза тауып, кем дегенде 15 адам жараланған.

Өткен айда тағы бір террорист тап сол министрлік ғимаратының алдында өзін-өзі жарып жіберіп, 12 адам қаза тапқан. Жараланған 31 адамның көбі – мемлекет қызметкері.

Біріккен Ұлттар Ұйымы Ауғанстанда өткен айда атыс уақытша доғарылғанына қарамастан, алғашқы жарты жылда қаза тапқан бейбіт адамдар саны бойынша көрсеткіштің рекордтық деңгейге жеткені туралы хабарлаған. Жараланғандар саны бес пайызға, яғни 3430 адамға дейін кемігенімен, қаза көрсеткіші бір пайызға өсіп, 1692 адамға жеткен.