Сталиндік репрессия құрбандарының мәйітін зерттеп, реттеумен айналысатын "Миссия – Сібір" еріктілер жобасы экспедициясын Қазақстанға көшіретін болды. Бұған Ресейдің жоба қатысушыларына елге кіру визасын бермеуі себеп.
Өткен аптада литвалық LRT радиостансасы "Миссия – Сібір" жобасының экспедициясы 19 шілдеде басталатынын хабарлаған. DELFI ақпарат агенттігінің дерегінше, еріктілер Қарағанды, Жезқазған, Балқаш қалаларының маңында жұмыс істейді.
Бұдан бұрын Ресей сыртқы істер министрлігі Литва азаматтарына – "Миссия – Сібір" жобасының қатысушыларына виза бермейтінін хабарлаған. 29 маусымда таратылған мәлімдемеде Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова мұндай шешімді "мәжбүрлі амал" деп, оған Литва "совет ескерткіштеріне қатысты "деструктивті әрекет" етуі себеп" деп түсіндірді.
Оқи отырыңыз: "Мәйіттер 40 сантиметр тереңдікте жатыр"
Осыдан соң Литваның сыртқы істер министрі (17 шілдеден 1 тамызға дейін өтуі керек болған) экспедицияға рұқсат бермеген Ресейдің шешіміне қатысты қынжылыс білдіретінін мәлімдеген.
Қазақстанның сыртқы істер министрлігі еріктілер жобасы елге кіру үшін "виза алмай-ақ қойса да болатынын" мәлімдеді. Министрліктің баспасөз қызметінің ақпаратынша, қатысушылар ертең – 19 шілдеде елге келуі тиіс.
Литва – азаматтары Қазақстанға виза алмай-ақ кіре алатын ондаған елдің бірі.
"Миссия – Сібір" жобасының негізі 2006 жылы қаланған. Жоба мақсаты – сталиндік репрессия кезінде Сібірге айдалған литвалықтар көмілген жерлерді жөндеу.
КСРО Литваны басып алып, құрамына кіргізген соң елде кем дегенде 350 мың адам репрессияға ілінді. Оның 150 мыңы лагерьлерге айдалды. Соның ішіндегі 110 мың адам Қазақстан мен Сібірге жеткен.