АҚШ президенті Дональд Трамп өзінің бұрынғы заңгері Майкл Коэнді ықтимал заң бұзу оқиғасына байланысты сөккен: "Үкіметтің адвокаттың кеңсесіне бұзып кіруі ақылға симайды... Адвокаттың клиентімен арадағы әңгімені жазуы мүлде ойға қонбайды", - деп жазған Трамп Twitter әлеуметтік желісіндегі парағына. Ол Коэннің іс-әрекеті заңсыз болуы мүмкін деген болжам айтқан. "Жағымды жаңалық сол – сүйікті президенттеріңіз ешқандай теріс іс жасамаған", - деп жазған Трамп.
Inconceivable that the government would break into a lawyer’s office (early in the morning) - almost unheard of. Even more inconceivable that a lawyer would tape a client - totally unheard of & perhaps illegal. The good news is that your favorite President did nothing wrong!
— Donald J. Trump (@realDonaldTrump) July 21, 2018
Бұған дейін Коэннің Трамппен өзара әңгімесін жасырын жазып алғаны мәлім болған. Биыл сәуірде заңгердің кеңсесін тінту кезінде сондай жазбалардың бірі табылған. Онда АҚШ-тың болашақ президенті Коэнмен Playboy басылымының бұрынғы моделі, Дональд Трамппен жақын қатынаста болғаны туралы мәлімдеген Карен Макдугалға ақша төлеу жайын талқылаған. Ол әңгіме таспаға 2016 жылғы қыркүйекте, АҚШ президенті сайлауына дауыс беруге екі ай қалғанда жазылғаны туралы кеше The New York Times газеті хабарлаған.
Басылым дерегі бойынша, Playboy моделіне ауызбастырық ретінде төленген ақша сайлау кампаниясының бюджетінен алынып, заң бұзылған болуы ықтимал. Егер бұл болжам расталса, онда аталған аудиотаспаны АҚШ әділет министрлігі назарына алады деп жазады басылым.
Трамптың қазіргі адвокаты Рудольф Джулиани заң бұзылған жоқ, өйткені ақыр соңында Макдугал ешқандай ақша алған жоқ дейді. Бұған дейін Трамптың адвокаттары порноактриса Стефани Клиффордқа тіс жармауы үшін ақша төленген кезде заң бұзылды деген күдікті жоққа шығарып келген.