Ұлыбритания Еуропа Одағы құрамынан шығу бойынша келіссөздерде сауда келісімі туралы мәмілеге келе алмайтын болса, онда Лондон Еуроодақтан шығуына байланысты Брюссельге төлем жасаудан бас тартуы мүмкін. Бұл туралы Ұлыбританияның "Брекзит" жөніндегі министрі Доминик Рааб мәлімдеген.
Оның сөзінше, келісімнің болмауы міндеттемелер де жоқ дегенді білдіреді. "Шартты бір тарап қана орындап, ал екіншісінің олай істемеуіне болмайды", - деп мәлімдеген ол.
Бұған дейін британ премьер-министрі Тереза Мэй Ұлыбританияның Еуроодақтан шығуына байланысты, шамамен 39 миллиард фунт-стерлингке (50 миллиард долларға жуық) бағаланатын шығынды төлеуге Лондонның қарсы емес екенін білдірген болатын.
Тереза Мэйдің кабинет мүшелері мақұлдаған жоспары бойынша, Ұлыбритания Еуроодақпен кедендік одақты сақтап қалу туралы келісім жасауды мақсат тұтады. Алайда, Лондон мен Брюссель арасындағы келіссөздерде қиындықтар бар, бақылаушылар Ұлыбританияның Еуропа Одағы құрамынан шығатын уақыты ретінде белгіленген 2019 жылғы наурыздың 29-ына дейін келісім бекітілмей қалуы мүмкін деген болжам айтады. Олай болған жағдайда тағы бір вариант – Еуропа Одағы мен Ұлыбритания Дүниежүзілік сауда ұйымы ережелері бойынша қарым-қатынасқа көшіп, бірқатар тауарлар мен қызмет түрлеріне баж салығын және өзге де шектеулер енгізуі де ықтимал.