Иранның батысында шілденің 22-сі күні қуаты 5.9 магнитуданы құрайтын жер сілкінісі болып, 150-ге тарта адам жараланды.
Иран төтенше жағдайлар және табиғи апаттар агенттігінің басшысы Пирхусейн Коливандтың мемлекеттік телеарнаға хабарлауынша, Иранның Иракпен шектесетін батысындағы Керманшах провинциясында екі рет болған жепр сілкінісінен 146 адам зардап шекті. Коливанд жараланған 21 адамның ауруханаға әкетілгенін айтып, басқа ақпарат бермеді.
Керманшах провинциясының губернаторы Хаушанг Базванд жартылай мемлекеттік Tasnim агенттігіне зілзала болған аймақта бірнеше үй қирап, жергілікті біраз жолды көшкін басып қалғанын хабарлады.
Керманшахтағы зілзаладан бірер сағат бұрын Иранның оңтүстігіндегі Хормозган провинциясында да қуаты 4,7 және 5,7 магнитуданы құрайтын жер сілкінісі болған. Дүмпуден провинцияда бірнеше нысан зақымданған.
АҚШ-тың геологиялық қызметі Ирандағы жер сілкінісінің қуатын 5,4 магнитуда деп бағалады.
Иран тектоникалық тұрақсыз аймақта орналасқандықтан, мұнда жер сілкінісі жиі болып тұрады. Былтыр қарашада Керманшах провинциясында болған қуаты 7,3 магнитуда зілзаладан 620 адам қаза тауып, мыңдаған адам жараланған.