Алматыда Храпуновтар ісі бойынша алдын-ала сот басталды

Алматы қаласының бұрынғы әкімі Виктор Храпунов пен оның әйелі Лейла Храпуноваға қатысты сот процесіне қатысушылар. Алматы, 26 шілде 2018 жыл

Алматы қалалық қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотта Алматы қаласының бұрынғы әкімі Виктор Храпунов пен оның әйелі Ләйла Храпуноваға қатысты қылмыстық іс бойынша алдын-ала тыңдау басталды деп хабарлайды жергілікті агенттіктер.

Ақпарат бойынша, ерлі-зайыпты Храпуновтарға бірнеше бап бойынша айыптар тағылып отыр: “Қылмыстық топ құру”, “Алаяқтық”, “Пара алу”. Виктор Храпуновқа сонымен бірге “Өзіне сеніп тапсырылған бөтен мүлкін иелену” және "Қызметтік өкілетін асыра пайдалану" баптары бойынша айыптар тағылып отыр.

Бұған қоса, бұл қылмыстық іске тағы он адам тартылған. Олардың барлығы Алматы әкімдігінде әр жылдары әртүрлі қызметтер атқарған азаматтар. Олар: Яков Заяц, Ғабиден Қайымсұлтанов, Аяр Ілиясов, Қуандық Бискультанов, Абай Сапаров, Алтай Қасымов, Серік Есмұқанов, Айнакүл Садықбаева, Абылайхан Қарымсақов, Абдул-Ғазиз Мұқашев. Бұл азаматтарға ақша жымқыру мен қылмыстық топқа қатысы бары туралы айыптар тағылып отыр.

Сот ерлі-зайыпты Храпуновтар мен Аяр Ілиясовты қамау туралы сырттай шешім шығарған. Ал қалған азаматтардан елден кетпеу туралы қолхат алынған.

Бұған дейін ерлі-зайыпты Храпуновтар пен"олардың сыбайласы" деп саналатын Айяр Ілиясов сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросына тергеуге бірнеше мәрте тергеуге шақырылған, бірақ олар келмеген.

Алматының бұрынғы әкімі, Қазақстанның бұрынғы энергетика министрі, 69 жастағы Виктор Храпунов қазір Швейцарияда тұрып жатыр. Храпуновқа және оның жақындарына Қазақстан билігі коррупциялық айыптар бойынша іздеу жариялаған.