"Шаңырақ ісі" бойынша ұзақ жылға сотталған төрт азаматтың бірі Ерғанат Тараншиев шілденің 25-і күні шартты түрде мерзімінен бұрын босап шықты. Бұл туралы Адам құқығын қорғау бюросының заңгері Гүлмира Қуатбекова хабарлады.
Оның айтуынша, Тараншиевтің шартты түрде бостандыққа шығару өтінішін 24 шілдеде Талдықорған соты қарап қанағаттандырған.
Заң бойынша, жазасының үштен бір мерзімін өтеген соң сотталушылар мерзімінен бұрын бостандыққа шығару туралы өтініш бере алады.
39 жастағы Ерғанат Тараншиев түрмеде 12 жыл отырды. Оны Алматы облысындағы Заречный колониясынан сәрсенбі күні босатқан.
Мамыр айының соңында "Шаңырақ ісі" бойынша ұзақ жылдарға сотталған төрт азаматтың бірі - Рүстем Тұяқов шартты түрде босап шыққан еді. “Шаңырақ” оқиғасына байланысты қамалған Арон Атабек пен Құрманғазы Өтегенов әлі қамауда отыр.
2006 жылы шілденің 14-інде Алматының шетіндегі Шаңырақ ықшам ауданында "жер телімдерін заңсыз иеленіп үй салды" деп айыпталған тұрғындар мен олардың үйлерін қиратуға келген полиция арасында қақтығыс болған. Жаппай қақтығыс кезінде 24 жастағы полицей Әсет Бейсеновтің үстіне белгісіз біреулер бензин құйып өртеп жіберген. Денесінің 70 пайызы күйіп кеткен ол 12 күннен кейін Алматыдағы 12-ауруханада көз жұмған.
"Шаңырақ оқиғасы" бойынша қылмыстық іс қозғалып, сот 2007 жылдың күзінде төрт адам – Арон Едігеевті (Атабек - әдеби бүркеншік есімі) 18 жылға, Құрманғазы Өтегеновті 16 жылға, Ерғанат Тараншиевті 15 жылға және Рүстем Тұяқовты 14 жылға соттаған.