Астананың Сарыарқа аудандық сотында "Полянка" өндірістік кооперативінің тұрғындары Бейбітгүл Аханова, Айгүл Сырқанова мен Айтқыз Мейірманованың шағымы бойынша сот отырысы өтті. Олар сот орындаушыларының жерді босату үшін үйлерінің бұзылатыны туралы ескертпесін алған соң сотқа арызданған. Әкімдіктің үйлерін күреп тастауына қарсы шыққан шағымданушыларға сот үш ай мерзім беріп, осы уақыт ішінде үй құжаттарын реттеу керектігін, әйтпесе көшу қажет болатынын ескертті.
Түскі сағат 14.30-да басталған сотқа көршілерін қолдап, 40-тан астам саяжай тұрғыны қатысты. Ал жауапкер ретінде қатысуы тиіс қалалық әкімдік өкілі келмеді. Сот отырысын судья Айша Иргалиева жүргізді. Судья сот залында видео түсірілім жүргізілетінін алға тартып, Азаттық тілшілеріне фотоаппарат, видеокамера қосуға рұқсат бермеді.
Судья отырыс басталғанда арызданушылардан сот материалына қосатын тағы қандай құжаттары барын сұрады. Шағымданушылар отырысқа дайындалуға уақыт тығыз болғандықтан қажетті құжаттарды әкеле алмағанын айтты. Шағымданушылар адвокат жалдамаған. Олар құжат жинауға уақыт сұрады. Судья келесі сот отырысын 31 шілдеге белгіледі. Сот аяқталғанда Сарыарқа аудандық сотының өкілі жауапкер тараптың келгеніне байланысты отырыс 16:00-де жалғасатынын хабарлады.
27 шілде күнгі сот отырысының қайта жалғасқан екінші бөлігін судья Арман Жүкенов өткізді. Бейбітгүл Аханованың сөзінше, сот отырысында судья саяжай тұрғындарына 27 қазанға дейін 3 ай уақыт берген. Судья осы үш айдың ішінде "не үй құжаттарын реттеу, не ол жерден көшу қажеттігін" айтқан.
Астана қалалық әкімдігі өкілдерінің дерегінше, саяжайда "заңсыз салынған" 160 үй бар. Олардың 45-іне қатысты жерді босату жөнінде сот шешімі шыққан. Тұрғындардың айтуынша, сот орындаушылары саяжайдағы үйлерді 20 шілдеден бастап күрей бастаған.