Алматы облысының Панфилов аудандық сотында 1 тамызда Қытай азаматы, этникалық қазақ Сайрагүл Сауытбайды Қытайға қайтару мәселесі бойынша сот процесінде жарыссөз басталды. Азаттық тілшісінің соттан хабарлауынша, тыңдау басталғанда Сайрагүл Сауытбайдың адвокаты Абзал Құспан Алматы облысының көші-қон полициясы Сауытбайға "Пана іздеуші тұлға" деген куәлік бергенін айтып, оны іске тіркеуді сұрады.
Бұдан соң судья Алматыдағы Қытай консулдығының Сайрагүл Сауытбаймен кездесуге рұқсат сұраған хатын оқып берді. Адвокат кездесуге қарсы болды. Сауытбай консулдық өкілімен кездескісі келмейтінін айтты. Ал прокурор Арзыгүл Имярова Сауытбайдың кездесуіне мүмкіндігі барын айтты. Судья Сауытбайдың қалауына байланысты консулдық өтінішін қанағаттандырудан бас тартты.
Сайрагүл Сауытбайға Қазақстан Қылмыстық кодексінің 392 - бабы ("шекараны заңсыз бұзып өту") бойынша айып тағылған. Қазақстан заңы бойынша, ол айыпты деп танылса, елден шығарылады.
Сот тергеуі кезінде Сайрагүл Сауытбай өзіне тағылған айыпты толық мойындайтынын айтып, прокурормен процессуалдық келісім жасасуды сұраған. Ол өзіне Қытайда "саяси қысым жасалғандықтан шекарадан заңсыз өтуден өзге жол қалмағанын" мәлімдеген. Сауытбайдың сөзінше, ол Қытайда құпия саналатын "саяси үйрену орталықтарында" жұмыс істеген, "мемлекет құпиясын әшкерелемеу" туралы қолхат берген. Сайрагүл Сауытбай Қытайға қайтарылса, ол елде өзіне өлім жазасы кесілуі мүмкін екенін, Қазақстанда қандай жазаға да келісетінін мәлімдеген.
Оқи отырыңыз: Сайрагүл Сауытбай "заң бұзуға мәжбүр болғанын" айтады
Сайрагүл Сауытбайдың күйеуі Уәли Ісләм биыл мамырда әйелін Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері "Қорғас кеден бекетін заңсыз бұзып өтті" деген айыппен ұстағанын хабарлаған.
Сайрагүл Сауытбайдың күйеуі Уәли Ісләм мен екі баласы Қазақстан азаматтығын алған. Ерлі-зайыпты Уәли Ісләм мен Сайрагүл Сауытбай екі баласымен бірге Қазақстанға 2016 жылы көшіп келмек болған.
Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы 30 шілдеде Сайрагүл Сауытбайдың Қытайда азаптауға ұшырауы мүмкін екенін айтып, Қазақстан билігін оны Қытайға қайтармауы тиіс екенін мәлімдеген.