Қырғызстан парламентінің бұрынғы депутаты, сотталған Омурбек Текебаев шілденің 31-і күні Кардиология және терапия ұлттық орталығына жатқызылды. Бұл туралы 1 тамызда Қырғызстанның Жазаны атқару мемлекеттік қызметіне (ЖАМҚ) сілтеме жасаған Азаттықтың Қырғыз редакциясы хабарлады.
Ресми мәлімет бойынша, Текебаев ауруханаға дәрігерлер мен депутаттардың сұрауынан соң жатқызылған. ЖАМҚ басшылығы бұған дейін денсаулық сақтау министрлігіне қайырылып, ведомство кейін дәрігерлер комиссиясын құрған.
"Омурбек Текебаев ауруханаға денсаулығы нашарлағандықтан емес, тексеруге жатқызылды. Оны ауруханада күзетіп тұр. Оның мұнда қанша уақыт болатыны әзірге белгісіз" деді ЖАМҚ баспасөз қызметінде.
Парламенттегі оппозициялық "Ата Мекен" фракциясының жетекшісі болған Омурбек Текебаев пен Қырғызстанның Оңтүстік кореядағы бұрынғы елшісі Дуйшенкул Чотонов 2017 жылы ақпанда 2010 жылы Ресей азаматы Леонид Маевскийден "Мегаком" компаниясының активтерін сатып алуға септескені үшін миллион доллар пара алды деген күдікпен ұсталған.
Былтыр 21 қарашада Қырғызстан Жоғарғы соты аудандық және қалалық соттың қос саясаткерді сегіз жылға бас бостандығынан айыру туралы үкімін күшінде қалдырған.
Сотталушылар өздеріне тағылған айыпты "саяси астары бар" деп мойындамайды.