CNN: Иран ауқымды әскери-теңіз жаттығуына дайындалып жатыр

Ормуз бұғазынан өтіп бара жатқан танкер мен кеме (Көрнекі сурет).

Иран әлемдегі мұнай тасымалданатын маңызды торап - Ормуз бұғазын жабу тактикасына машықтанатын ірі әскери-теңіз жаттығуына дайындалып жатыр деп хабарлады америкалық барлау мекемесіне жақын екі өкілге сілтеме жасаған CNN телеарнасы.

Жаттығу алдағы екі күнде басталуы мүмкін. "Біз Иран әскери-теңіз флотының Араб және Оман түбектеріне және Ормуз бұғазына жақын аумақта белсенді әрекет ете бастағанын байқадық. Біз жағдайдың қалай дамитынын мұқият бақылаймыз және бұдан былай серіктерімізбен халықаралық теңізде кеме қатынасы мен коммерциялық жүк тасымалының еркін жүзеге асырылғанын қамтамасыз етеміз" деді Пентагон өкілі.

Ормуз бұғазы Парсы шығанағы мен Араб теңізін жалғайды. Оның ең тар деген енінің өзі 45 километрден аспайды. Бұғаздан әлемдік нарықта сатылатын барлық мұнайдың 20 пайызға жуығы өтеді.

Әскери жаттығу Иран мен АҚШ арасы шиеленіскен тұста өтпек. Әдетте күзде немесе қыста болатын әскери жаттығудың ерте басталуына америкалық әскерилер алаңдап отыр. Жаттығуға 100-ден астам жүрдек катерлер және әскери-әуе күштерінің бөлімшелері, құрлықтағы күштер мен "жер - су" санатына жататын зымырандар қатыстырылуы мүмкін.

Қазір Парсы шығанағында АҚШ-тың ірі бір ғана кемесі - "The Sullivans" зымыран эсминеці бар. Бірақ бұғазда америкалық ұшақтар көп шоғырланған.