Швейцарияда Альпі тауына құлаған ұшақ апатынан 20 адам - 17 жолаушы мен 3 экипаж мүшесі опат болған. Бұл туралы жергілікті полиция хабарлады.
Екінші дүниежүзілік соғыс уақытында құрастырылған Junkers-52 винтті ұшағы радардан сенбі күні жоғалып кеткен. Коллекциялық ұшаққа иелік ететін JU-Air әуе компаниясы онымен Альпі тауларының үстімен экскурсиялық сапар жасап отыратын. Компания ұшуды уақытша тоқтатқаны туралы мәлімдеді.
Апаттың себебі анықталып жатыр. Әзірше белгілісі – ұшақ 2500 метр биіктікте тауға соғылған. Полицияның мәліметі бойынша, ұшақ "қара жәшікпен" жабдықталмаған. Бұл апат себебін тексеруге қиындық тигізеді. Ұшақ құлаған аумақта құтқарушылар жұмыс істеп жатыр.