Вашингтон Ресейдің уақытша өкілін шақыртты

АҚШ Мемлекеттік департаментінің өкілі Хизер Нойерт.

АҚШ Мемлекеттік департаменті Ресейдің осы елдегі істердегі уақытша сенім жүктелген өкілі Дмитрий Жирновты АҚШ-тың ішкі шаруаларына Ресейдің ықтимал араласуы туралы іс бойынша шақыртқан. Бұл туралы тамыздың 5-і күні Мемлекеттік департаменттің өкілі Хизер Нойерт хабарлаған.

Нойерттің сөзінше, Мемлекеттік департамент "Кремльдің әлеуметтік желідегі тіркеу жазбаларын зорлық-зомбылықты насихаттауға және АҚШ-тың ішінде жік салуға пайдалану әрекеттері туралы" түсініктеме алғысы келеді.

Бұған дейін Вашингтон Мәскеуден АҚШ-тың ішкі шаруаларына араласуды доғаруды талап еткен. Ондай талапты Facebook әлеуметтік желісінің биыл қарашада өтетін АҚШ Конгресі сайлауы алдында америкалық қоғамға ықпал ету әрекеттері жасалып жатқаны туралы мәлімдемесінен кейін іле-шала қойған.

Мәскеу шет мемлекеттердің ішкі шаруаларына араласқаны туралы сөздерді жоққа шығарады.