Қарағанды облысында түрмеде тұтқындарды азаптауды ұйымдастырды деп айыпталғандарға сот үкімі шықты деп хабарлады облыстық сотқа сілтеме жасаған жергілікті ақпарат агенттіктері. Шахтинск қалалық соты АК-159/6 колониясы бастығының көмекшісі Бауырбек Шотаев пен АК-159/7 колониясы жедел бөлімінің жедел уәкілі Виталий Зарецкийді Қылмыстық кодекстің 28-бабының 3-тармағымен ("Қылмыстық құқық бұзушылық жасауды ұйымдастыру немесе оның орындалуына басшылық ету") және 146-бабының 3-тармағымен ("Жәбiрленушiнiң денсаулығына ауыр зиян келтiруге немесе абайсызда оның өліміне әкеп соққан азаптау әрекеті") айыпты деп танып, әрқайсысын жеті жыл бас бостандығынан айыру жазасын кескен.
Сот материалдары бойынша, 2017 жылы 11 наурызда жедел бөлім қызметкері Виталий Зарецкий сотталушы, түрме жанындағы мектеп оқытушысына дөрекі сөз айтқан Валерий Чупинді басқа отрядқа ауыстыруға және отряд басшысына оны "жазалауға" пәрмен берген. Былтыр 11 мамырда бірнеше сотталушы Валерий Чупинді ұрып-соғып, "денесінен ток өткізген". Бұдан соң Чупин жараланып, ауруханаға түскен. Келесі күні дәрігерлер оның "тік ішегі жарақаттан зақымданып, ағзасы уланып" қайтыс болғанын хабарлаған.
Отряд жетекшісі Тимур Қырбаев "жәбiрленушiнiң денсаулығына ауыр зиян келтiруге немесе абайсызда оның өліміне әкеп соққан азаптау әрекетін" жасады деп айыпталып, 10 жылға сотталды. Өзге бес тұтқын - Евгений Флотский, Дмитрий Крушинский, Николай Тюков, Максим Коваль және Қуанышбек Жарасбаев та осындай айыппен әрқайсысы сегіз жылға сотталды.
Сот бұған қоса осы іс бойынша Қарағанды облыстық Ішкі істер департаментінің, Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің басшылығы мен облыс прокурорына "тергеу органдарының осы іс бойынша қылмыстық-процессуалдық заң нормаларын және азаматтардың конституциялық құқықтарын өрескел бұзғаны" туралы мәлімдеу жөнінде жеке ұйғарым қабылдады. Сот аталған орган басшыларына ендігіде мұндай заң бұзушылықты болдырмау үшін тиісті шаралар қабылдауды тапсырды.