Ресей грекиялық дипломаттарды елден шығармақ

Ресей және Грекия тулары (Көрнекі сурет).

Ресей Сыртқы істер министрлігі Грекия елшісі Андреас Фриганасқа грекиялық дипломаттардың елден шығарылатыны туралы хабарлады.

Мәскеу грекиялық дипломаттарды шілде айында Афина Грекиядан ресейлік екі дипломатты шығарғанына жауап ретінде еліне қайтармақ. Тағы екі ресейлік дипломаттың елге кіруіне тыйым салынған. Грекия дипломаттарды құпия ақпарат жинады және шенеуніктерді сатып алмақ болды деп айыптаған. Грекия билігі мұны ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіру деп бағалайды.

Reuters агенттігінің ақпараты бойынша, Афина ресейлік дипломаттарды Грекияның көршілес Македониямен осы ел атауына қатысты жасасқан келісімін бұзбақ болды деп айыптайды. Грекия билігі дипломаттардың бұл әрекеті елдің ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіреді деп бағалайды.

Грекия өткен айда Македониямен осы ел атауын Солтүстік Македония деп өзгертіп, екі ел арасындағы ондаған жылға созылған дауға нүкте қоятын келісім жасасқан. Келісім іске асса, Македонияның НАТО-ға қосылуына жол ашылады. Македония орналасқан Балқан түбегіне Ресей мен НАТО өз ықпалын орнатуға ұмтылып келеді.