АҚШ Мемлекеттік департаменті Ұлыбританияның Солсбери қаласында Ресей Сыртқы барлау қызметінің экс-агенті Сергей Скрипаль мен қызы Юлия Скрипальдің улануына байланысты Ресейге санкция салмақ. Бұл туралы мәлімдеме мемлекеттік департамент сайтында жарияланды.
Мемлекеттік департамент өкілі Хизер Нойерт Ресей Ұлыбританияда адамның жүйке жүйесін зақымдайтын затты қолданып, халықаралық құқықты бұзғанын айтты.
Жаңа санкция 22 тамыздан бастап күшіне енеді. Ол бойынша, Ресейге ұлттық қауіпсіздік саласында қолданылатын тауарлар, оның ішінде авиацияда қолданылатын электрондық құрылғыларды экспорттауға тыйым салынады.
Егер Мәскеу үш ай ішінде химиялық қару қолданбайтынына кепілдік бермесе және халықаралық инспекторларды тексеруге жібермесе, онда қосымша санкция салынбақ. Санкцияның екінші кезеңінде "Аэрофлот" компаниясының АҚШ-қа ұшуына тыйым салу және екіжақты сауда-саттық көлемін барынша азайту көзделіп отыр.
АҚШ-та 1991 жылы қабылданған химиялық және биологиялық қару туралы заң бойынша, Вашингтон қандай да бір биологиялық немесе химиялық қару қолданған елге шектеу шараларын қолданады.
Көре отырыңыз: Солсбериде уланған Юлия Скрипальдің сұхбаты
2018 жылы 4 наурызда Сергей Скрипаль мен Юлия Скрипаль Солсбериде саябақта ес-түссіз күйінде табылып, ауруханаға түскен. Ауруханада ұзақ уақыт емделіп шыққан соң олар күзетке алынған. Ұлыбритания билігі қазір олардың қайда екенін айтпайды.
Лондон Скрипальдердің СССР тұсында жасалған әскери "Новичок" уынан уланғанын айтып, оны Ресей қолданды деп біледі. Мәскеу Скрипальдерді улауға қатысы барын жоққа шығарады.